Государственное учреждение "Отдел образования Отрарского района" управления образования Туркестанской области
Официальный интернет-ресурс

АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Білім беру ұйымдарында жаңа 2025-2026 оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын өтті.

Аудандағы 40 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 1245 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Биыл аудандағы оқу ордаларында жалпы 12500-ге жуық оқушы білім алмақ.

Білім күнінде Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай №1 жалпы білім беретін мектептің алғашқы қоңырау салтанатты шарасына қатысып, ұстаздар мен оқушыларды айтулы мерекемен құттықтады.

Ол өз сөзінде: “Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес балалардың жарқын болашағы үшін мемлекеттік деңгейдегі шаралар қабылданып, жоспарлы міндеттер алға қойылды. Мектептерде цифрлық технологияларға басымдық беріліп, жаңа кітаптармен толықты.

Әрине барлық балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау міндетіміз. Осы мақсатта аудандағы барлық білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілді. Биыл жаңа оқу жылына дайындық барысында бірқатар білім нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жеті мектеп күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, мемлекетіміздің кемел саясатын іске асырудағы еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін” - деді.

Сонымен қатар, шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, Түркістан облысы Полиция департаментінің басқарма басшысы полиция полковнигі Есенәлі Сенбиев, ардагер ұстаз Пердехан Жаппарқұлов жас ұрпаққа ұлағатты сөздерін арнап, алдағы күндеріне сәттілік тіледі.

Айта кету керек, өткен оқу жылы білім саласы үшін табысты болды. 88 түлек «Алтын белгі», 42 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. 310 мектеп түлегі мемлекеттік грантқа ие болып, жоғары оқу орындарында жоғары білімін жалғастырмақ. Оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадалар мен түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, ауданымыздың абыройын асқақтатты.