Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ауданымызда ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған әсерлі әрі мазмұнды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап, олардың жүздеріне шаттық ұялату.
Іс-шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, жас жеткіншектерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтады. Сонымен қатар, мерекелік кешке «Заречное» бірлескен кәсіпорны акционерлік қоғамының бас директоры Қанат Есенгелдіұлы қатысып, балаларға жылы лебізін білдірді.
Мереке барысында балалар үшін қызықты ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, түрлі кейіпкерлердің қатысуымен көңілді қойылымдар көрсетілді. Балалардың көтеріңкі көңіл күйі мен шат күлкісі кештің сәнін арттырды.
Шара соңында «Заречное» бірлескен кәсіпорны тарапынан дайындалған жаңа жылдық сыйлықтар балаларға салтанатты түрде табысталып, олардың қуанышына қуаныш қосылды.
Аталған игі бастама – өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсетудің, әлеуметтік жауапкершіліктің және мейірім мен жанашырлықтың айқын көрінісі. Осындай тағылымды шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.





