Государственное учреждение "Отдел образования Отрарского района" управления образования Туркестанской области
Официальный интернет-ресурс

ОТЫРАРДА БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

"Әл-Фараби" атындағы мәдениет сарайында білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті. Жиынға білім саласының жетекшілері мен түрлі сала өкілдері қатысты.

Тамыз конференциясы - білім саласындағы басты диалог алаңы. Жаңа оқу жылы ұстаздар үшін жаңа мақсаттар мен үлкен жауапкершілік кезеңі болып табылады.

Жиын барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен білім беру жүйесін жетілдіру бағытындағы маңызды міндеттерге тоқталды.

Ол өз сөзінде: «Білім – ел ертеңінің кепілі. Бүгінгі ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып өсуі – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Сондықтан да қоғамдағы ең абыройлы әрі жауапты міндетті арқалап жүрген ұстаздар еңбегі қашанда құрметке лайық», – деді.

Сондай-ақ, келелі басқосуда аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов пен Түркістан облысы білім басқармасының тәрбие бөлімінің бас маманы Еркін Бекжанов және ардагер ұстаз Көлбай Жалғасбай тамыз педагогикалық кеңесіне қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Кеңесте аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев алдағы оқу жылына дайындық барысы туралы баяндама жасап, білім сапасын арттыру, жаңа әдістемелерді енгізу, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи цифрлық технологияларды пайдалану, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар сөз болды.

Жиынға қатысқан ардагер ұстаздар жас мамандарға тәжірибесімен бөлісіп, құнды ой-пікірлерін ортаға салды.Жиын соңында үздік ұстаздар мен білім саласының қызметкерлері оқу процесінде жеткен жетістіктері үшін аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.