Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл мектептерінің талантты және білімге құштар оқушыларын анықтау мақсатында республикалық олимпиада осымен екінші рет өткізіліп, аудан оқушылары қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға қатысқан ауданның үш оқушысы 2 орын, екі оқушысы 3 орын иеленіп, отырарлықтардың мерейін асырды.
Отырар аудандық білім бөлімінің басшысы Шербаев Құдайберген олимпиада жүлдегерлерінің жетекші ұстаздарын қабылдап, жеңістерімен құттықтады. Бөлім басшысының ұсынысымен жүлдегер оқушылардың жетекші ұстаздары Клара Абишоваға, Арайлым Мылтықбаеваға, Замира Таскентбаеваға, Индира Қаныбековаға, Әділ Жұмәділаевқа демеушілер есебінен Дубай қаласына тегін жолдама табысталып, аталған үздік мұғалімдер Дубай төрінің көрікті жерлерімен танысып, саяхаттауда.