Отырар аудандық мәдениет сарайында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бойына адамдық құндылықтарды сіңіру және бұл бағыттағы отбасы мен мектептің рөлін арттыру мақсатында ауқымды ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Форум барысы мәдениет үйінің фойесінде Ш. Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының «Жас сақшы» ұйымы оқушыларының қонақтарды қарсы алуымен және білім беру ұйымдары көрмесінің таныстырылымымен басталды. Одан әрі жиналған қауымға аудандық білім саласында 2025-2026 оқу жылында атқарылған жұмыстар туралы бейнеролик ұсынылды.
Форумды Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ашып, Мемлекет басшысының балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары кезек күттірмес міндет екенін атап өтті. Ол өз сөзінде заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұруда тек әкімшілік шаралармен шектелмей, ата-ананың қырағылығын арттыру қажеттігіне тоқталды. Осы ретте «Мектеп – Ата-ана – Қоғам» үштік одағының бірлесе әрекет етуі форумның басты өзегіне айналды.
Жиын барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев саланың өткен оқу жылындағы жетістіктері мен алдағы міндеттері туралы негізгі баяндама жасады.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, педагог-ардагерлер кеңесінің төрағасы Пердехан Жаппарқұлов және Отырар аудандық прокуратурасының аға прокуроры Мақсат Базарханұлы, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Асхат Нұрбеков сөз алып, құқықтық сауаттылық пен қоғамдық тәртіп мәселелерін талқылады. Мектеп тәжірибесімен М. Әуезов атындағы мектеп директоры Айнұр Сыздықәлі бөліссе, отбасындағы әкенің рөлі туралы аудандық «Әкелер кеңесінің» төрағасы Медет Башар салмақты ой қозғады.
Форумға жиналған ата-аналар, мәслихат депутаттары мен мекеме басшыларының белсенді қатысуымен ашық пікірталас алаңына ұласты. Қатысушылар тарапынан түскен барлық ұсыныстар мен пікірлер хаттамаға енгізіліп, алдағы іс-қимыл жоспарына алынды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов ұрпақ болашағына бейжай қарамай, ортақ іске жұмыла үлес қосқан барша қатысушыларға ризашылығын білдірді.





