Бүгін Отырар ауданы Темір ауылы “Алпамыс”балабақшасында балалардың асыға күтетін ең көңілді мерекелерінің бірі – жазғы сауықтыру маусымының ашылуына арналған «Бақытты балалық шақ» тақырыбындағы іс-шара өтті. Іс-шараны Аудандық білім бөлімінің бас маманы Қаракөз Тулендиева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі ұйымдар жөніндегі әдіскері Ұлжалғас Оспанова мен балабақша меңгерушісі Ақмарал Шуленбаева сөз сөйлеп, жазғы кезеңде балалардың денсаулығын нығайту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мазмұнды демалысын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Іс-шара барысында бүлдіршіндер қызықты ойындар ойнап, ән айтып, би билеп, түрлі сайыстарға белсене қатысты. Балалар ойындарда өздерінің ептіліктері мен тапқырлықтарын көрсетті. Көтеріңкі көңіл-күй, шат күлкі мен қуанышқа толы сәттер балаларға ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің МДҰ әдіскері Ұ. Оспанова «Мектепке дейінгі ұйымдарда жазғы сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар» тақырыбында балабақша әдіскерлеріне әдістемелік көмек көрсетілді.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, олардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын мазмұнды өткізу мақсатында жұмыс істейтін «Отырар» жазғы балаларды сауықтыру лагерінің жаңа маусымының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, "AMANAT" партиясы Отырар аудандық филиалының және аудандық мәслихаттың төрағасы Уалихан Жамалханұлы Ұзақов қатысып, балалар мен лагерь ұжымын жаңа маусымның басталуымен құттықтады.
Қонақтар өз сөздерінде жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуында жазғы сауықтыру лагерлерінің маңызы зор екенін атап өтіп, балаларға көтеріңкі көңіл-күй, жарқын әсерлер мен қызықты демалыс тіледі. Сондай-ақ лагерьдің балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, достық қарым-қатынас орнатуына және тұлғалық қалыптасуына қосатын үлесіне тоқталды.
Мерекелік іс-шара барысында балалардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, әндер шырқалып, би қойылымдары ұсынылды. Өнерлі өрендердің әсерлі өнер көрсетілімдері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Осылайша, «Отырар» жазғы балаларды сауықтыру лагерінің жаңа маусымының ашылуы жоғары деңгейде өтіп, балалардың жазғы демалыс кезеңіне жарқын бастама жасалды. Аталған жоба балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына, жаңа достар тауып, пайдалы демалыс өткізуіне мүмкіндік береді.
Отырар ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік іс-шара өтті. Аудан орталығында ұйымдастырылған думанды шараға бүлдіршіндер, ата-аналар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мерекелік жиынның ашылуында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы сөз сөйлеп, барша балаларды айтулы күнмен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде балалардың ел болашағы екенін, олардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар жас ұрпаққа жарқын болашақ, зор денсаулық пен толағай табыс тіледі. Мерекелік шараға аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы да арнайы қатысып, бүлдіршіндерге өзінің ақжарма тілегін арнады.
Іс-шара барысында білім беру ұйымдарынан жиналған оқушылар мен өнерлі жастар ән мен биден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалардың қатысуымен өткен түрлі түстер шеруі мерекенің ажарын аша түссе, көпшілік назарына ұсынылған әсерлі флешмоб ерекше ықыласқа бөленді. Мерекелік бағдарлама барысында кішкентай өнерпаздар би билеп, ән айтып, өлең оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Алаңға жиналған тұрғындар балалардың өнеріне зор қолдау білдірді.
Балалардың шат күлкісі мен қуанышына толы мереке аудан тұрғындары үшін ерекше әсер қалдырды. Жас ұрпаққа арналған бұл іс-шара балаларға деген қамқорлық пен қолдаудың айқын көрінісі болып, қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Иә, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қ.Мұңайтпасов атындағы жабық спорт залында мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов және «Заречное» АҚ директорының орынбасары Асхат Болатұлы қатысып, бүлдіршіндердің өнерін тамашалады.
Іс-шара барысында балалар ән айтып, би билеп, өз таланттарын көрсетті. Мереке соңында «Заречное» АҚ-ның демеушілігімен дайындалған сыйлықтар табысталып, бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады.
Балалардың шат күлкісі мен жарқын жүздері мерекенің көркін кіргізіп, бейбіт өмірдің басты белгісі – бақытты балалық шақ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бүгін Отырар ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылы аяқталып, «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды.
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткен мерекелік іс-шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, білім саласының ардагерлері, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ізгі тілектерін жеткізді.
Биыл аудан бойынша 848 оқушы мектеп бітіруші атанса, олардың қатарында «Алтын белгіге» үміткер 78, үздік аттестатқа үміткер 69 түлек бар. Салтанатты жиында мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ерекше құрмет көрсетілді. Алғашқы ұстаздары мен сынып жетекшілері ортаға шақырылып, мектеп қабырғасындағы жарқын сәттер еске алынды.
Мемлекеттік Ту енгізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін мектеп директоры А.Сыздықәлі оқу жылының қорытындысы бойынша баяндама жасады.
Жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай сөз сөйлеп, түлектерді мектеп бітіруімен құттықтап, ел игілігі жолында қызмет ететін білімді де білікті азамат болуға шақырды. Сонымен қатар оқу мен қоғамдық жұмыстарда үздік нәтиже көрсеткен бірқатар ұстаздарға марапаттар табысталды.
Мерекелік жиын барысында түлектер ұстаздары мен ата-аналарына алғыстарын білдіріп, ән шырқап, мектеп вальсін биледі. Сондай-ақ «Білім – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын шежіре» атты дәстүрлі рәсімде білім шежіресі кітабы кейінгі буын өкілдеріне табысталды.
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – мектеп туын 10-сынып оқушыларына тапсыру рәсімі мен соңғы қоңыраудың соғылуы болды. Бұл мектеп бітіруші түлектер үшін балалық шақпен қоштасып, жаңа өмірге нық қадам басудың символына айналды.
Салтанатты жиын соңында түлектер ұстаздарымен, сыныптастарымен және туған мектебімен қимай қоштасып, жарқын болашаққа сеніммен жол тартты.
Түркістан облысы Отырар ауданының білім бөліміне қарасты барлық білім беру ұйымдарында 1-11 сынып оқушылары арасында "Заң және Тәртіп- халықтық Консититуция"құндылықтары тақырыбында сынып сағаттары өткізілді.
Тәуелсіз еліміздің ең басты құжаты – Конституция. Ол мемлекетіміздің негізгі заңы болып саналады. Конституцияда әр азаматтың құқығы мен міндеті көрсетілген. Сонымен қатар еліміздегі заң мен тәртіптің негізі де осы құжатта бекітілген. Заң – қоғамдағы әділдікті сақтайтын басты құрал. Ал тәртіп адамдардың бір-біріне құрметпен қарап, ережелерді сақтауына көмектеседі. Егер әр адам заңды құрметтесе, елімізде тыныштық пен тұрақтылық болады.
Конституцияның басты құндылықтарының бірі – адам құқығын қорғау. Әр азамат білім алуға, еңбек етуге және еркін өмір сүруге құқылы. Бірақ әр құқықпен бірге жауапкершілік те қатар жүреді. Сондықтан әр адам заңды сақтап, қоғам тәртібін бұзбауы керек.
Жастар Конституцияны құрметтеп, заң талаптарын орындауы қажет. Өйткені болашақта еліміздің дамуы білімді әрі тәртіпті азаматтарға байланысты. Заңға бағынған ел әрқашан мықты және бірлігі берік болады.
Қорытындылай айтқанда, заң мен тәртіп – мемлекет тұрақтылығының негізі. Ал Конституция – халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын маңызды құжат. Оны құрметтеу – әр азаматтың міндеті.
Отырар аудандық мәдениет сарайында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бойына адамдық құндылықтарды сіңіру және бұл бағыттағы отбасы мен мектептің рөлін арттыру мақсатында ауқымды ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Форум барысы мәдениет үйінің фойесінде Ш. Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының «Жас сақшы» ұйымы оқушыларының қонақтарды қарсы алуымен және білім беру ұйымдары көрмесінің таныстырылымымен басталды. Одан әрі жиналған қауымға аудандық білім саласында 2025-2026 оқу жылында атқарылған жұмыстар туралы бейнеролик ұсынылды.
Форумды Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ашып, Мемлекет басшысының балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары кезек күттірмес міндет екенін атап өтті. Ол өз сөзінде заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұруда тек әкімшілік шаралармен шектелмей, ата-ананың қырағылығын арттыру қажеттігіне тоқталды. Осы ретте «Мектеп – Ата-ана – Қоғам» үштік одағының бірлесе әрекет етуі форумның басты өзегіне айналды.
Жиын барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев саланың өткен оқу жылындағы жетістіктері мен алдағы міндеттері туралы негізгі баяндама жасады.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, педагог-ардагерлер кеңесінің төрағасы Пердехан Жаппарқұлов және Отырар аудандық прокуратурасының аға прокуроры Мақсат Базарханұлы, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Асхат Нұрбеков сөз алып, құқықтық сауаттылық пен қоғамдық тәртіп мәселелерін талқылады. Мектеп тәжірибесімен М. Әуезов атындағы мектеп директоры Айнұр Сыздықәлі бөліссе, отбасындағы әкенің рөлі туралы аудандық «Әкелер кеңесінің» төрағасы Медет Башар салмақты ой қозғады.
Форумға жиналған ата-аналар, мәслихат депутаттары мен мекеме басшыларының белсенді қатысуымен ашық пікірталас алаңына ұласты. Қатысушылар тарапынан түскен барлық ұсыныстар мен пікірлер хаттамаға енгізіліп, алдағы іс-қимыл жоспарына алынды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов ұрпақ болашағына бейжай қарамай, ортақ іске жұмыла үлес қосқан барша қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Отырар аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру ұйымдарында «АДАЛ АТА-АНА – ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» тұжырымдамасы аясында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау, саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру мақсатында 2026 жылғы 13 мамыр күні «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында бірыңғай ата-аналар жиналысы өткізілді.
Жиналыс төмендегі бағыттар бойынша ұйымдастырылды:
— 1–4 сыныптар: «Адал ата-ана – Қауіпсіз балалық шақ»;
— 5–8 сыныптар: «Адал ата-ана – Қауіпсіз жасөспірім»;
— 9–11 сыныптар: «Адал ата-ана – Жауапты жас».
Жиналыс барысында оқушылардың жазғы демалыс кезеңіндегі өмірі мен денсаулығын сақтау, түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бітіруші сынып оқушыларының ата-аналарына заңсыз ақша жинауға және бітіру іс-шараларын сән-салтанатпен өткізуге қатаң тыйым салынатыны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған жиналысқа:
— 1–4 сыныптар бойынша – 275 сынып;
— 5–9 сыныптар бойынша – 316 сынып;
— 10–11 сыныптар бойынша – 95 сынып-комплектісі қамтылды.
Жалпы 1–11 сыныптар аралығында 750 сынып-комплектісі қамтылды.
Мектеп әкімшілігі тарапынан оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау және ата-аналарға артық қаржылық салмақ түсірмеу мақсатында түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.
Білім беру ұйымдарында:
— заңсыз ақша жинауға;
— мектептен тыс мейрамханаларда, кафелерде бітіру кештерін өткізуге;
— автокортеж ұйымдастыруға;
— қымбат сыйлықтар беруге және алуға қатаң тыйым салынатыны ескертілді.
Отырар ауданында жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайту, Отан қорғауға деген жауапкершілік пен құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында әскери оқу-жаттығу – дала жиынының ашылу салтанаты ұйымдастырылды.
Салтанатты шара аудан орталығындағы орталық алаңда өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, аудандық білім бөлімі жанындағы педагог-ардагерлер кеңесінің төрағасы Пердехан Жаппарқұлов, “Мұрагер” республикалық қоғамдық бірлестігі Отырар аудандық филиалының төрағасы Бақытжан Сүлейменов, аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев, білім саласының өкілдері, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдері мен мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында әскери оқу-жаттығу жиынына қатысушы мектеп сарбаздары сапқа тұрғызылып, әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс тобының бастығы аға лейтенанты Ақжол Сатыбалды рапорт берді.
Жиынның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов сөз сөйлеп, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу – ел болашағы үшін маңызды міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, әскери дайындықтың жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және елге қызмет етуге баулудағы маңызына тоқталып, дала жиынына қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, аудандық білім бөлімі жанындағы педагог-ардагерлер кеңесінің төрағасы Пердехан Жаппарқұлов пен “Мұрагер” республикалық қоғамдық бірлестігі Отырар аудандық филиалының төрағасы Бақытжан Сүлейменов құттықтау сөз сөйлеп, жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, қатысушылар ел тәуелсіздігі мен тыныштығын қорғаудағы әскердің мәртебесіне құрмет көрсетті.
Айта кетейік, әскери оқу-жаттығу – дала жиыны барысында оқушылар алғашқы әскери дайындық бойынша тәжірибелік машықтарын жетілдіріп, саптық дайындық, тактикалық әрекеттер және әскери тәртіп негіздері бойынша білімдерін шыңдайды.