Түркістан облысының білім басқармасының "Отырар ауданының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесі
Ресми интернет-ресурс

“БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚ” БАЛАЛАР МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Отырар ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік іс-шара өтті. Аудан орталығында ұйымдастырылған думанды шараға бүлдіршіндер, ата-аналар және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерекелік жиынның ашылуында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы сөз сөйлеп, барша балаларды айтулы күнмен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде балалардың ел болашағы екенін, олардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар жас ұрпаққа жарқын болашақ, зор денсаулық пен толағай табыс тіледі. Мерекелік шараға аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы да арнайы қатысып, бүлдіршіндерге өзінің ақжарма тілегін арнады.

Іс-шара барысында білім беру ұйымдарынан жиналған оқушылар мен өнерлі жастар ән мен биден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалардың қатысуымен өткен түрлі түстер шеруі мерекенің ажарын аша түссе, көпшілік назарына ұсынылған әсерлі флешмоб ерекше ықыласқа бөленді. Мерекелік бағдарлама барысында кішкентай өнерпаздар би билеп, ән айтып, өлең оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Алаңға жиналған тұрғындар балалардың өнеріне зор қолдау білдірді.

Балалардың шат күлкісі мен қуанышына толы мереке аудан тұрғындары үшін ерекше әсер қалдырды. Жас ұрпаққа арналған бұл іс-шара балаларға деген қамқорлық пен қолдаудың айқын көрінісі болып, қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.