№1 жалпы білім беретін мектептің базасында «Отырар ауданының географиясы және өлкетану» тақырыбында Республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, географиядан республикалық "Атаулы мектеп" жетекшісі, Ресейдің жаратылыстану академиясының академигі, сондай-ақ "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" Ұлжалғас Әмзеқызы Есназарова конференцияның басты қонағы болып, киелі өлкеміздің өркендеуіне бағытталған өзекті ойын ортаға салды.
Отырар аудандық мәслихат хатшысы Уәлихан Жамалханұлы Ұзақ , аудан әкімі орынбасары Құлмаханов Айдос Құлмаханұлы, Қ.А.Йассауи атындағы ХҚТУ-дың проректоры ,PhD докторы, профессор Мустафа Гиритлиоглу, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дың доценті Қайыркен Құнапина, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың аға оқытушысы Қызбибі Налмишова, Түркістан облысы «Ардақты әжелер» ұйымының төрайымы Серім Айғаным Ұлжалғас Әмзеқызы Есназарованың үлгілі еңбек жолы мен ұлттық рухты оятуға бағытталған зерттеулерін талдап, баяндама оқыды.
Конференцияға Отырар ауданы білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев жетекшілік етті. Бұл конференцияның негізгі мақсаты – Отырар ауданының географиясы мен өлкетануын терең зерттеп, ғылыми тұрғыда талқылау, сондай-ақ ауданымыздың бай тарихы мен мәдени мұрасын қазіргі заман талабына сай таныту болды. Ауданның географиялық жағдайы, экологиясы және өлкетану саласындағы зерттеулерді дамыту мәселелері кеңінен сөз болды.
Конференция барысында сөз алған ғылыми баяндама авторлары өзекті мәселелерді қозғап, тәжірибелерін ортаға салды. Ғылым майталмандарының тыңғылықты зерттеулері мен ойлы баяндамалары көптеген тыңдаушыларды терең ойға қалдырды. Олардың баяндамаларында тек қана теориялық зерттеулер емес, сонымен қатар ауданымыздың географиялық ерекшеліктерін әрі қарай дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар айтылды.
Жас айтыскер ақын, 11-сынып оқушысы Жәутік Асылжан ғалым-ұстазға арнау орындады. Ақынның шеберлігі мен сөздің салмағы, әсемдігі конференцияға ерекше мән берді. Оның сөзі тек рухани байлықты ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білімге деген құштарлықты, жастардың болашаққа деген үмітін көрсетті.
Білім мен ғылымның мәні тереңде жатыр. Қазіргі ғылымның қарыштап дамып келе жатқан дәуірінде жастарымыздың білім алу жолында табандылық танытып, еліміздің болашағын жарық етуге ұмтылғаны өте маңызды. Ғалымдардың айтқанындай, «Ғылым – өркениет пен прогрестің кілті, ал білім – оның негізі». Сондықтан да біз бүгінгі конференцияға қатысқан әрбір зерттеуші мен тыңдаушының жан-жақты білім алу жолындағы істері аса маңызды екенін ұмытпауымыз қажет.
Конференция нәтижесінде көтерілген мәселелер ауданымыздың ғылыми даму бағытына оң әсерін тигізіп, болашақта көптеген жаңа жобалар мен зерттеулердің жүзеге асуына ықпал ететіндігі сөзсіз. Білімнің әрбір жаңа қадамы – елдің жарқын болашағына жасалған бір қадам деп білеміз.