Бүгін Отырар ауданы Темір ауылы “Алпамыс”балабақшасында балалардың асыға күтетін ең көңілді мерекелерінің бірі – жазғы сауықтыру маусымының ашылуына арналған «Бақытты балалық шақ» тақырыбындағы іс-шара өтті. Іс-шараны Аудандық білім бөлімінің бас маманы Қаракөз Тулендиева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі ұйымдар жөніндегі әдіскері Ұлжалғас Оспанова мен балабақша меңгерушісі Ақмарал Шуленбаева сөз сөйлеп, жазғы кезеңде балалардың денсаулығын нығайту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мазмұнды демалысын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Іс-шара барысында бүлдіршіндер қызықты ойындар ойнап, ән айтып, би билеп, түрлі сайыстарға белсене қатысты. Балалар ойындарда өздерінің ептіліктері мен тапқырлықтарын көрсетті. Көтеріңкі көңіл-күй, шат күлкі мен қуанышқа толы сәттер балаларға ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің МДҰ әдіскері Ұ. Оспанова «Мектепке дейінгі ұйымдарда жазғы сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар» тақырыбында балабақша әдіскерлеріне әдістемелік көмек көрсетілді.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, олардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын мазмұнды өткізу мақсатында жұмыс істейтін «Отырар» жазғы балаларды сауықтыру лагерінің жаңа маусымының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, "AMANAT" партиясы Отырар аудандық филиалының және аудандық мәслихаттың төрағасы Уалихан Жамалханұлы Ұзақов қатысып, балалар мен лагерь ұжымын жаңа маусымның басталуымен құттықтады.
Қонақтар өз сөздерінде жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуында жазғы сауықтыру лагерлерінің маңызы зор екенін атап өтіп, балаларға көтеріңкі көңіл-күй, жарқын әсерлер мен қызықты демалыс тіледі. Сондай-ақ лагерьдің балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, достық қарым-қатынас орнатуына және тұлғалық қалыптасуына қосатын үлесіне тоқталды.
Мерекелік іс-шара барысында балалардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, әндер шырқалып, би қойылымдары ұсынылды. Өнерлі өрендердің әсерлі өнер көрсетілімдері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Осылайша, «Отырар» жазғы балаларды сауықтыру лагерінің жаңа маусымының ашылуы жоғары деңгейде өтіп, балалардың жазғы демалыс кезеңіне жарқын бастама жасалды. Аталған жоба балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына, жаңа достар тауып, пайдалы демалыс өткізуіне мүмкіндік береді.
Отырар ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік іс-шара өтті. Аудан орталығында ұйымдастырылған думанды шараға бүлдіршіндер, ата-аналар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мерекелік жиынның ашылуында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы сөз сөйлеп, барша балаларды айтулы күнмен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде балалардың ел болашағы екенін, олардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар жас ұрпаққа жарқын болашақ, зор денсаулық пен толағай табыс тіледі. Мерекелік шараға аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы да арнайы қатысып, бүлдіршіндерге өзінің ақжарма тілегін арнады.
Іс-шара барысында білім беру ұйымдарынан жиналған оқушылар мен өнерлі жастар ән мен биден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалардың қатысуымен өткен түрлі түстер шеруі мерекенің ажарын аша түссе, көпшілік назарына ұсынылған әсерлі флешмоб ерекше ықыласқа бөленді. Мерекелік бағдарлама барысында кішкентай өнерпаздар би билеп, ән айтып, өлең оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Алаңға жиналған тұрғындар балалардың өнеріне зор қолдау білдірді.
Балалардың шат күлкісі мен қуанышына толы мереке аудан тұрғындары үшін ерекше әсер қалдырды. Жас ұрпаққа арналған бұл іс-шара балаларға деген қамқорлық пен қолдаудың айқын көрінісі болып, қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Иә, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қ.Мұңайтпасов атындағы жабық спорт залында мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов және «Заречное» АҚ директорының орынбасары Асхат Болатұлы қатысып, бүлдіршіндердің өнерін тамашалады.
Іс-шара барысында балалар ән айтып, би билеп, өз таланттарын көрсетті. Мереке соңында «Заречное» АҚ-ның демеушілігімен дайындалған сыйлықтар табысталып, бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады.
Балалардың шат күлкісі мен жарқын жүздері мерекенің көркін кіргізіп, бейбіт өмірдің басты белгісі – бақытты балалық шақ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бүгін Отырар ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылы аяқталып, «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды.
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткен мерекелік іс-шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, білім саласының ардагерлері, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ізгі тілектерін жеткізді.
Биыл аудан бойынша 848 оқушы мектеп бітіруші атанса, олардың қатарында «Алтын белгіге» үміткер 78, үздік аттестатқа үміткер 69 түлек бар. Салтанатты жиында мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ерекше құрмет көрсетілді. Алғашқы ұстаздары мен сынып жетекшілері ортаға шақырылып, мектеп қабырғасындағы жарқын сәттер еске алынды.
Мемлекеттік Ту енгізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін мектеп директоры А.Сыздықәлі оқу жылының қорытындысы бойынша баяндама жасады.
Жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай сөз сөйлеп, түлектерді мектеп бітіруімен құттықтап, ел игілігі жолында қызмет ететін білімді де білікті азамат болуға шақырды. Сонымен қатар оқу мен қоғамдық жұмыстарда үздік нәтиже көрсеткен бірқатар ұстаздарға марапаттар табысталды.
Мерекелік жиын барысында түлектер ұстаздары мен ата-аналарына алғыстарын білдіріп, ән шырқап, мектеп вальсін биледі. Сондай-ақ «Білім – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын шежіре» атты дәстүрлі рәсімде білім шежіресі кітабы кейінгі буын өкілдеріне табысталды.
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – мектеп туын 10-сынып оқушыларына тапсыру рәсімі мен соңғы қоңыраудың соғылуы болды. Бұл мектеп бітіруші түлектер үшін балалық шақпен қоштасып, жаңа өмірге нық қадам басудың символына айналды.
Салтанатты жиын соңында түлектер ұстаздарымен, сыныптастарымен және туған мектебімен қимай қоштасып, жарқын болашаққа сеніммен жол тартты.